Алматыда Наурызнама онкүндігі аясында Ұлттық киім күніне орайластырылған Nauryz Fashion Day сән көрсетілімі өтті. Шараның басты ерекшелігі – подиумда тек модельдер емес, ұлттық киім немесе этностильдегі киім киген кез келген көрермен жүріп өте алды.

Көрсетілім барысында бірнеше жарқын дефиле ұйымдастырылды. Сән көрсетіліміне әлемді тәнті еткен «Қазақ әжелері», «Мисс Қазақстан» байқауының жеңімпаздары мен финалистері, мәдениет саласының өкілдері – театр артистері, сондай-ақ, іс-шараға келген көрермендер қатысты. Олар: тақия киген балалар, заманауи стильдегі шапан жамылған жігіттер, ұлттық нақыштағы әшекейлер таққан қыздар мен камзол киген арулар. Сонымен қатар, қала тұрғындары ұлттық киімнің маңызы мен элементтеріне арналған викторинаға қатысты.

Дефилеге қатысқан зейнеттегі судья, «Үш би» белгісінің иегері Гүлсім Таңатова әсерін бөлісті.

“65 жастамын, төрт немерем бар. Балаларым ержеткен, әрдайым мені қолдайды, әр шыққан сәтімді, әр фотомды, әр видеомды асыға күтеді. Бұл маған үлкен шабыт береді. Мен 35 жыл судья болып жұмыс істедім. Қатаң тәртіп, нақты ережелер, ұстамды стиль – менің өмірім осындай болатын. Ал қазір бәрі өзгерді. Мен жұмсақ, мейірімді, нәзік болуды үйрендім. Өмірден ләззат алып, әдемі киінуге мүмкіндік бердім. Баршаңызды Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Әр күніміз мағынаға толы мереке болсын. Еліміз гүлдене берсін!” – деді Гүлсім Таңатова.

Көрсетілімге қатысқан әжелер арасында қаржы саласының маманы, «Білім беру үздігі» медалінің иегері Дария Әбсеметова, 30 жылдық тәжірибесі бар педагог, Франциядағы авторлық жобалардың лауреаты Нұрбану Сайфилмәлікова, инженер-құрылысшы, кәсіпкер Лиза Жұмағалиева, жеке қаржы ұйымының директоры Айгүл Нұрпейісова болды. Сонымен қатар, образын филолог, радиодиктор, кәсіпкер Манат Шімпейісова, қаржы директоры Роза Әбдімәдиева, екі жоғары білімі бар инженер-экономист Баян Батырханова, массажист Қарлығаш Қалмаханқызы таныстырды. Іс-шараға қырғыз ақыны, жазушы, аудармашы Шайзада Қабышева, сондай-ақ, мәдениет пен қоғамдық қызметке өмірін арнаған Гүлсім Жаниманова мен Көгершін Жайқанова қатысты.

Кештің сәнін дизайнер Раушан Әнуарбекованың «Әуенді бархандар» және «Алаша» топтамалары аша түсті. Бұл киім үлгілері көрермендерді тарих пен мәдениеттің ерекше атмосферасына батырды.

Іс-шара ұйымдастырушылары қала тұрғындарын ұлттық киімді тек мереке күндері емес, күнделікті өмірде де киюге шақырды. Олар дәстүрлі мәдениет пен заманауи сәннің үйлесімді табатынын атап өтті.
