13/03/2025 01:06

Қарасу шағын ауданындағы скверге ірі көшеттер отырғызылды

«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы мен «Алматы – біздің ортақ үйіміз» қалалық науқаны аясында Алматыда қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыру қарқынды түрде жалғасып келеді.

Көріктендірудің маңызды кезеңдерінің бірі Қарасу шағын ауданындағы скверге ірі ағаштар отырғызу еді. Мұнда биіктігі 6 метр болатын 42 қарағай егілді. Ірі көшеттердің тамыр жүйесі жақсы дамыған, діңі берік, тәжі қалың, бұл олардың жылдам бейімделуіне және орнығып кетуіне сеп. Мұндай ағаштарды отырғызу шағын ауданның эстетикалық келбетін жақсартумен қатар, жасыл аймақтар құрып, автокөлік шығарындыларынан ауаның ластану деңгейін төмендетуге және экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді.

Ағаштардың ұзақ мерзімді сақталуы мен күтімі үшін заманауи автоматты суару жүйесі қарастырылған. Үш жыл бойы егілген көшеттерге кепілдік міндеттемелері аясында мердігер ұйым күтім жасайды, содан кейін оларды күтіп-ұстау міндеті Алатау ауданы әкімдігіне өтеді.

Шағын аудан тұрғындары оң өзгерістерді қазірдің өзінде байқап отыр. «Бұл тамаша бастама», – дейді Гауһар Шерәлиева. – «Бұрын бұл жерде бос алаң болатын, жазда қураған шөп өрт қаупін тудыратын. Енді сквер жаңарып, жасыл желекке оранды: қылқан жапырақты ағаштардың хош иісі, көлеңкелі орындар – бәрі де жайлы әрі қолайлы орта қалыптастырады».

«Бұл қарағайлар өскенде өзіндік микроклимат жасап, көлік қозғалысынан табиғи жасыл тосқауыл құрады», – дейді Александр Мезенцев. – «Осындай ауада тыныстау денсаулыққа пайдалы. Біз Қарасу тұрғындары, бұл көрікті жерді сақтауымыз керек».

Аудан тұрғыны Валентина Мезенцева да оң өзгеріске жоғары баға берді: «Біз бұл жерде 1994 жылдан бері тұрамыз. Бұрын бұл жер бос жатқан еді, қазір бәрі өзгерді. Жасыл желек көбейді, қарағайлар отырғызылды. Әдемі, жайлы орта қалыптасты. Жергілікті тұрғындар серуендеуге жиі шығып, бір-бірімен араласа бастады, балалар таза ауада ойнап жүр».

Ірі көлемді ағаштар ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің «Ботаника және фитоинтродукция институты» мамандарының ұсынысын ескере отырып отырғызылды. Жоба мегаполистегі жасыл аймақтарды дамыту және қолайлы қала ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Айта кетейік, биыл наурызда Алматыда 2000-ға жуық ірі ағаш отырғызу жоспарланған. Биіктігі кемінде 4 метр болатын көшеттер Саин, Рысқұлов, Сәтбаев көшелерінде, Көкжиек шағын ауданында, Гүлдер саябағында және басқа да қоғамдық кеңістіктерде отырғызылып, қаланың көгалдандырылуына және экологиялық ахуалын жақсартуға үлес қосады.

АлматыНашДомБасты жаңалықтаржаңалықтарФотоРепАлаБіздіңҮй

ПОСЛЕДНИЕ НОВОСТИ