14/03/2025 18:02

Амал мерекесіне орай Алматыда ауқымды театрландырылған концерт өтті

Бүгін екі мыңнан астам алматылық мен қала қонақтары «Көк-Төбеге» жиналып, бір-бірін көктемнің келуімен құттықтады, Наурызнама онкүндігінің алғашқы күні – Көрісу мерекесіне орай ұйымдастырылған театрландырылған концертті тамашалады.

Сахна төрінде еліміздің сүйіспеншілігі мен махаббатына бөленген, аты аңызға айналғын Роза Рымбаева, Жанар Айжанова, Айгүл Қосанова, «Жігіттер» тобы, Алма Аманжолова, сондай-ақ «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртістері өнер көрсетті. Мәртебелі меймандар қатарында белгілі жазушылар, мәдениеттанушылар, еңбек сіңірген өнер қайраткерлері және бірқатар зиялы қауым өкілі болды.

«Қадірменді қауым, бүгін Қазақстанымызда үлкен мереке – Наурызнама басталды. Қазақтың жаңа жылы, көктем келді. Сондықтан бір-бірімізбенен көрісіп, амандасып, бір-бірімізге жақсы тілек айтып жатырмыз. Мен өзімді бақытты әншімін деп санаймын, себебі менің «Наурыз-думан» әнім осы мерекеде міндетті түрде шырқалады. Тек қана бір сахнада емес, бүкіл Қазақстанда, тіпті мектеп оқушыларына дейін, ауыл-аймақтарда, аудандарда менің осы әнім шырқалып жатады. Сондықтан мен – осы наурызды жырлайтын бақытты әншімін. Елімізге биылғы Наурыз бақ-береке әкелсін, бірлік алып келсін. Қазақстанымыз жылдан жылға көркейе берсін!», – деді Қазақстанның Еңбек ері, Халық артисі Роза Рымбаева.

Алматылықтарға ерекше сый ретінде «Көктөбедегі» аспалы жол бүгін сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін тегін жұмыс істеді. Соның арқасында мерекелік іс-шараға келген көрермен қатары көп болды.

«Бүгін Көрісу күні «Көк-Төбенің» төрінде тойланып жатыр. Құрметті алматылықтар, баршаңызды Амал мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл Амал күнінің тәрбиелік мәні зор. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, ағайын-туыс арасындағы байланысты үзбеуге бағыттайтын мағынасы зор мереке. Қазақта «Баталы ел азбас» деген сөз бар. Сол себепті бүгінгі Амал күнінде бір-бірімізге жақсы тілектерімізді айтып, баталы болайық! Амал күні құтты болсын, ағайын!», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал артист Жанар Айжанова.

Айта кетейік, Алматыда 14-23 наурыз аралығында өтетін Наурызнама онкүндігі аясында 100-ден астам түрлі іс-шара жоспарланған. Олардың ішінде көрмелер, спектакльдер, спорттық жарыстар, танымал артистердің қатысуымен өтетін концерттер және басқа да қызықты іс-шаралар бар. Ауқымды іс-шаралардың аңдатпалары Алматы қаласының Мәдениет басқармасының @almatymadeniet парақшасында және Алматы қаласы әкімдігінің ресми интернет-ресурстарында жарияланады.

Басты жаңалықтаржаңалықтарФоторепортаж

ПОСЛЕДНИЕ НОВОСТИ