20/03/2025 22:18

Алматының Наурызбай ауданындағы Қарғалы өзені жағалауында жаңа жаяу жүргіншілер аймағы пайда болды

Алматыда 2024 жылы Наурызбай ауданындағы Қарғалы өзенінің жағалауын көркейту жұмыстары аяқталды. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесу барысында хабарлады.

Оның айтуынша, жоба аясында ұзындығы 3,5 км болатын жаяу жүргіншілер аймағы салынды, балалар және спорт алаңдары орнатылды, автосуару жүйесі ұйымдастырылып, көше жарығы мен көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

«Сондай-ақ биыл маусым айында Қарғалы өзені арнасын 6,7 км қашықтықта қайта жаңарту және көркейту жұмыстары басталады. Жоба аясында 2026 жылдың маусымына дейін өзен арнасының бетон қабырғаларын қайта құру, су өткізу құрылыстарын қалпына келтіру, көгалдандыру және 10 жаяу жүргінші көпірін салу жоспарланған», – деді қала әкімі.

Бұған қоса, ауданда жайлы қалалық ортаны дамыту аясында «Халық қатысатын бюджет» (ХҚБ) бағдарламасы іске асырылуда. 2024 жылы бұл бағдарлама аясында жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеге 40 жоба жүзеге асырылды.

«Биыл «Халық қатысатын бюджет» аясында тұрғындардың 1 370-тен астам ұсынысынан іріктелген 34 жобаны іске асыруға 2,5 млрд теңге бөлінді. Сәуір-қыркүйек аралығында 9 қоғамдық кеңістікті және 6 аула аумағын көркейту, 2 автотұрақ аймағын жабдықтау, 17 жеке учаскені көгалдандыру және көріктендіру жұмыстары жоспарланған», – деді Ерболат Досаев.

Айта кетейік, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы жайлы қалалық ортаны қалыптастырудың тиімді құралына айналды. Соңғы үш жылда Алматыда бұл бағдарлама аясында 39,1 млрд теңгеге 938 жоба жүзеге асырылды. Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша 2025 жылы бұл мақсатқа 17,1 млрд теңге бөлінді.

Соңғы жаңалықтарФоторепортаж

ПОСЛЕДНИЕ НОВОСТИ