17/03/2025 19:44

Алматының Наурызбай ауданында 16 заңсыз дүңгіршек пен 22 күш өлшеуіш сүрілді

Алматыда заңсыз орнатылған стационарлық емес сауда нысандарын (СЕСН) жаппай жою жұмыстары жалғасып отыр.

Бүгінде Наурызбай ауданында 16 заңсыз СЕСН мен 22 ойын-сауық аппараты (күш өлшеуіш) сүрілді. Оның ішінде Таусамалы және Шұғыла шағын аудандарындағы бургер мен балмұздақ сататын дүңгіршектер де бар.

Жергілікті тұрғындар заңсыз сауда орындарының алынуына оң баға беріп отыр.

«Мен Әшімов көшесіндегі көпқабатты үйде тұрамын. Үйіміздің жанында қысқа уақыт ішінде бірнеше дүңгіршек қойылды. Салдарынан шу көбейді, қоқыс жиналып, тәртіп сақталмайтын болды. Кейін олардың кейбірі заңсыз орнатылғаны анықталды. Ақыры, көшелерімізде тәртіп орнап жатқанына қуаныштымыз. Қаламыз таза әрі кең болуы керек, ал кәсіпкерлер заң аясында жұмыс істеуі тиіс деп есептеймін», – деді қала тұрғыны Арай Ахметова.

Айта кетейік, заңсыз СЕСН-ді сүру науқаны Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен қолға алынған. Бағдарлама 2025 жылы 4 ақпанда басталды. Бүгінде 300-ден астам СЕСН мен 222 күш өлшеуіш бұзылды. Қалған заңсыз сауда нүктелерін алып тастау жұмыстары 2025 жылы 31 наурызға дейін толық аяқталады.

АлматыНашДомСоңғы жаңалықтар