Алматы әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесу барысында қалада қоғамдық кеңістіктерді көркейту және жайлы қалалық орта құру жұмыстары жүйелі түрде жалғасатынын айтты.

2024 жылы үш серуен аймағын көркейту жұмыстары аяқталды: Абай даңғылының Тұрғыт Озал көшесінен Байзақов көшесіне дейінгі бөлігі, Желтоқсан көшесінің Абай даңғылы мен Сәтбаев көшесі арасындағы учаскесі және Абай мен Гагарин даңғылдарының қиылысындағы сквер.

Бұл жобалар аясында жаңа балалар және спорт алаңдары, көше жиһаздары, демалыс орындары орнатылып, жарықтандыру жүйесі жаңғыртылды, сондай-ақ жасыл желек отырғызылды.
Сонымен қатар, 2024 жылдың желтоқсанында Гагарин даңғылы бойындағы бульвардағы құрылыс жұмыстары аяқталды, ал биыл сәуір айында оның көгалдандыру жұмыстары аяқталады.
«Былтыр қазан айында Үлкен Алматы өзенінің жағалауын су бөлгіштен Абай даңғылына дейінгі 5,7 шақырымдық аумақта реконструкциялау жұмыстары басталды. Жоба аясында бетон тіреуіш құрылымдарын толық жаңарту, жаяу жүргіншілер көпірлерін, балалар және спорт алаңдарын, көше жиһаздарын орнату және веложолақтар салу қарастырылған. Бұл жұмыстарды 2026 жылдың сәуір айында аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді Ерболат Досаев.
Сонымен қатар, оның айтуынша, биыл мамыр айында тағы үш қоғамдық кеңістікті көркейту бойынша ауқымды жұмыс басталады. «Атакент» ҚІЫО аумағын реконструкциялау (асфальт жабындысы мен тас төсеніштерді ауыстыру, автоматты суару жүйесін орнату, жарықтандыру мен көше жиһаздарын жаңарту), «Оңтүстік» саябағының солтүстігіндегі жасыл аймақты көркейту (жаяу жүргіншілер жолын төсеу, көгалдандыру, жарықтандыру және көше жиһаздарын орнату), Нұр-Алатау шағын ауданындағы скверді көркейту.
Сондай-ақ, мамыр айында Республика алаңындағы субұрқақ кешендеріне күрделі жөндеу жұмыстары басталып, оларды 2025 жылдың қазан айында аяқтау жоспарланып отыр.