Алматыда 7 қаңтардан 8 қаңтарға қараған түні жауған қардың қалыңдығы 16 сантиметрге жетті. Қала бойынша 1 800-ден астам коммуналдық қызметкер мен жүздеген техника жұмыс істеп, қалың қардың салдарын жоюға атсалысуда. Барлық күш-жігер қаланың әдеттегі жұмыс ырғағын сақтауға бағытталған.

Қар тазалау жұмыстары орталық көшелерден бастап тұрғын аудандарға дейін тәулік бойы жүргізіледі.

«Жолдарға көктайғаққа қарсы арнайы қоспалар себілді, содан кейін қоғамдық көлік аялдамалары тазаланды. Одан кейін көшелер қардан тазартылып, жол жиегіне жиналды. Бір түнде қала бойынша шамамен 15 200 текше метр қар шығарылды», – деді «Алматы Тазалық» МКК бас инженері Әсет Төлегенов.

Ол қар шығару үдерісі жол қозғалысына ауа райының әсерін барынша азайтуға бағытталғанын атап өтті.

«Біздің бригадалар ұйымдасқан түрде жұмыс істейді, ал заманауи техника бұл үдерісті жеделдетіп, тазалау сапасын арттырады», – деді ол.

Медеу ауданындағы жол жұмысшыларының аға бригадирі Дина Мұнарбаева осы салада сегіз жылдан астам жұмыс істеп келе жатқанын айтып, команданың қарды тез әрі шапшаң күреуге тырысатынын жеткізді.

«Қаланың көшелерін қауіпсіз ұстау үшін қарды жедел тазалаймыз. Аяз бен түнгі ауысымға қарамастан, бригада жаңа жылдық көңіл-күйде. Бұл бізге командалық рухты сақтап, тапсырмаларды тиімді орындауға көмектеседі», – деді ол.
Дина Мұнарбаева әріптестері арасында сарқылмас шабыт көзі ретінде танылған. Ол ән айтуды жақсы көреді, оның репертуарында қарапайым әрі көпшілікке таныс әндер бар. Оның әндері жұмыс атмосферасын аязды күндерде де жылытып, ұжымды біріктіреді.
«Қар мен аяз – бұл жай табиғаттың құбылысы. Біздің оптимизм кез келген қиындықты жеңе алады», – деп қалжыңдайды Дина Мұнарбаева. Ол әріптестерін қолдап, оларға жылы сөздер айтып, суықта жұмыс істеуге жігер береді. Сонымен бірге, оның ұйымдастырушылық қабілеті күтпеген жағдайда, мысалы, қардың кенеттен жаууы немесе құрал-жабдықтың бұзылуы кезінде мәселені тез шешуге мүмкіндік береді.
«Біз алғыс үшін емес, қала тұрғындары өмірін үздіксіз жалғастыра алатындай етіп жұмыс істеп жатырмыз», – деп сөзін қорытындылады ол. Бұдан кейін Дина кезекті әуенді шырқап, командасы Алматы көшелерін қардан тазалау жұмыстарын жалғастырды.
Қалалық қызметтер қар тазалау жұмыстарын тоқтаусыз жалғастыратынын хабарлады. Алдағы күндері қосалқы көшелер мен аулалық жолдарды тазалау жоспарланған. Осындай кәсіби мамандардың арқасында Алматы тіпті, ең күрделі ауа райы жағдайында да таза әрі қауіпсіз болып қала бермек.