26/03/2025 03:27

Алматыдағы Оқушылар сарайында балалар шығармашылығын дамытуға арналған жаңартылған Үлкен концерт залы ашылды

Қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстарынан кейін Үлкен концерт залын Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев барып көрді.

Қала басшысының тапсырмасымен алғаш рет 42 жыл ішінде қолға алынған жаңғырту жұмыстары 2024 жылдың қыркүйегінен бастап биылғы наурыз айына дейін жалғасты. Бұл ретте, Үлкен концерт залының тарихи келбеті мен түпнұсқалық акустикалық дизайны толық сақталды. Көрермен залының үстінде аспалы шамдардан тұратын ерекше дыбыс толқындарын басқару жүйесі бар.

Айта кетейік, Оқушылар сарайының бір бөлігі саналатын Үлкен концерт залы жергілікті маңызы бар мемлекеттік тарихи ескерткіш. Ол 1983 жылдан бері жұмыс істеп келеді және балалар мен жасөспірімдерге арналған мәдени-танымдық іс-шаралар өткізетін ең ірі алаңның бірі ретінде танымал.

Концерт залының жалпы аумағы 1 168 шаршы метр. Бұл аумаққа амфитеатр, екі көрермендер балконы, төрт техникалық ложа және сахна кіреді. Жаңғырту жұмыстары барысында интерьер элементтері 1 639 шаршы метр аумақта қалпына келтірілді. Декоративті гипстік элементтер, көрермен орындықтары мен еден жабыны жаңартылды. Сонымен қатар, залға соңғы буын цифрлық микшерлік пульті мен жоғары халықаралық стандартқа сәйкес келетін кең жолақты кеңістіктік дыбыс жүйесі орнатылды. Жарықтандыру жүйесі 100-ден астам прожектор мен софиттері бар динамикалық жарық жүйесімен толықтырылды, бұл түрлі форматтағы іс-шараларға бейімделген.

Жаңғырту аясында концерт залының тарихында алғаш рет айналмалы сахна механизмі, барлық сахналық құрылым, кулисалар, бас перде және электрмен жабдықтау жүйесі толығымен жаңартылды. Сондай-ақ, цифрлық басқару жүйесі бар жоғары технологиялық LED-экрандар орнатылды.

Жаңартылған зал жас алматылықтар үшін іс-шаралар ауқымын айтарлықтай кеңейтеді. Театр қойылымынан бастап, интерактивті шоу мен цифрлық форумға дейін республикалық және халықаралық деңгейдегі іс-шаралар өткізіліп, жылына кемінде 40 000 баланы қамту жоспарланған.

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, Үлкен концерт залында Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының қойылымдары да өтеді, себебі балалар театрында қазір реконструкциялау жұмыстары қолға алынған.

Қала басшысы жаңғыртудың келесі кезеңінде Оқушылар сарайының сыртқы қасбетін жаңарту және айналасын көркейту жоспарланып отырғанын атап өтті.

Бүгінгі таңда Оқушылар сарайында 8 білім беру бағыты бойынша 237 үйірме мен секция жұмыс істейді. Атап айтқанда, көркем-эстетикалық және қолданбалы өнер, балалар музыка мектебі, джаз бағытына арналған музыка мектебі, экологиялық-биологиялық бөлім, туристік-өлкетану бөлімі, балалар бастамаларын үйлестіру бөлімі, спорт бөлімі және ғылыми-техникалық шығармашылық бөлімі.

Жаңғыртудан өткен концерт залы Оқушылар сарайының үйірмелеріне қатысатын 15 100 балаға және балалар музыка мектебінде, Орталық Азиядағы жалғыз балалар джаз мектебінде және музыка-эстетикалық бағыттағы үйірмелерде (қобыз, домбыра, фортепиано, саксофон, жетіген, скрипка, флейта, вокал, терме) білім алатын 2 348 жас музыкантқа өнер көрсету мүмкіндігін береді. Эстрадалық-симфониялық, джаз, домбыра оркестрлері, скрипка ансамбльдері мен хор ұжымдары үшін арнайы жағдай жасалған.

Басты жаңалықтаржаңалықтарФоторепортаж

ПОСЛЕДНИЕ НОВОСТИ