13/03/2025 06:46

Алматы әкімі Ерболат Досаев алматылықтарды Қала күнімен құттықтады

Мегаполис тұрғындары дәстүр бойынша қыркүйектің үшінші жексенбісінде Қала күнін атап өтеді. Алматының әр жерінде мерекелік іс-шаралар – концерттер, көрмелер, флешмобтар, фестивальдер және басқа да көптеген шаралар өтіп жатыр.

Мерекелік іс-шаралар Абай алаңында өткен «Алматы – біздің ортақ үйіміз» атты отбасылық фестивальден басталып, қала әкімі Ерболат Досаев алматылықтарды құттықтады.

«Алматы әрқашан алдыңғы шепте болып, оң өзгерістердің жарқын үлгісі болуы керек, бұған бар күшімізді, білімімізді және тәжірибемізді жұмсаймыз. Алматыны әрбір адам өз үйіндей сезінетін жайлы әрі қауіпсіз қалаға айналдыру – біздің қолымызда», – деді мегаполис басшысы.

Қала басшысы дәстүр бойынша қаланы дамытуға үлес қосқан азаматтарды «Алматы қаласының Құрметті азаматы» атағымен марапаттады. Олардың қатарында суретші Алексей Уткин, кескіндемеші Ерболат Төлепбай, композитор Ерұлан Қанафиянов, ақын Ұлықбек Есдәулет, техника ғылымдарының докторы Жұмабай Байнатов, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ахметжан Шардинов, Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының директоры Гүлнәр Нұрланова, құрметті ұшқыш Дмитрий Душимов және кәсіпкер, меценат Нұрлан Смағұлов бар.

Сонымен қатар, құрметті атақ Мемлекеттік қуыршақ театрына берілді.

Марапаттан кейін қала әкімі алаңдағы балалар белсенділік аймақтарын аралап, тұрғындармен сөйлесті. Іс-шара «Алматы әуендері» шығармашылық ұжымдары мен солистерінің қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.

Естеріңізге сала кетейік, Абай алаңында бүгін күндіз балалар үшін аниматорлардың ойын-сауық шоуы және медиа тұлғалардың қатысуымен отбасылық сән көрсетілімі өтеді.

Кешкі 18:00-де Республика сарайының алдында алматылықтарды Мемлекеттік қуыршақ театрының «Қуыршақ шоуы» қойылымы мен тикток жұлдыздары YOLO HOUSE, BIP HOUSE және басқа да танымал алматылықтардың қатысуымен концерт өтеді.

Сонымен қатар, Тұңғыш Президент саябағында сағат 10:00-де көпшілікке танымал болған Apple Fest фестивалі басталды. Фестивальде 21:00-ге дейін жалғасатын кең ауқымды мәдени және концерттік бағдарлама бар.

Тұңғыш Президент саябағында бірнеше сахна қойылған. Басты сахнада 14:30-да Роза Рымбаева мен Алматы қаласы әкімі эстрадалық-симфониялық оркестрінің өнер көрсетуі жоспарланған. Концертті Steppe Sons этнотобы, Umberto Project, «Музарт Life» тобы және басқа да танымал артистер жалғастырады. Кештің басты хедлайнерлері Hiro мен Captown.

Келушілерге ыңғайлы болу үшін саябақ аумағы бірнеше тақырыптық аймаққа бөлінген, әрбір аймақта алма жәрмеңкесі, Елшілік аллеясы, бақша инновациялары алаңы, гүлдер ғажайып бульвары, дәм саяхаты көшесі, қолөнер шеберлер көшесі, ұлы дала мәдениеті даңғылы, балаларға арналған ойын-сауық алаңдары, «Кітап оқиғалары» квесті және ашық аспан астындағы кинотеатр орналасқан, мұнда қазақ киносының «Алтын қорына» енген фильмдер көрсетіледі.

Айта кетейік, фестиваль тарихында алғаш рет 1 700 литр алма компоты қайнатылып, бұл Гиннестің рекордтар кітабына енеді. Компотты сатудан түскен қаражат көшеттер, құстарға арналған қоректендіргіштер және қалалық саябақтарға арналған ұялар сатып алуға жұмсалады.

Цирк өнерін сүйетіндер үшін 12:00-ден 17:00-ге дейін Шапито циркі жұмыс істейді. Бағдарламада Эфиопиядан келген Black eagles икарлық ойындары, «Курьез» атты клоундық квартет, сырықтағы эквилибр және тағы басқа өнерлер бар. Цирк шоуына кіру үшін билет керек, ал саябақтағы басқа іс-шаралар тегін. Шапито билеттері 3-4 мың теңге аралығында сатылып жатыр. Фестивальден кейін цирк саябақ аумағында тағы он күн жұмыс істейді.

Арбатта 11:00-ден бастап «Туған күніңмен, Алматым» фестивалі өтуде, онда қала тұрғындары мен қонақтары суретшілер көрмесін, қолөнершілер жәрмеңкесін, шеберлік дәрістерін және т.б. да іс-шараларды тамашалай алады. Сонымен қатар, мұнда жыл сайынғы «Кітап fest» фестивалі өтіп жатыр.

Сағат 17:00-де Астана алаңында Almaty Cover Show басталады, оған қазақстандық эстрада жұлдыздары қатысады. Сахнада Нағима Есқалиева, Мейрамбек Бесбаев, Kalifarniya, RaiM, Нұрлан мен Мұрат, ARO, Ерболат Құдайберген, Қайрат Түнтеков және басқа әншілер өнер көрсетеді. Осы күні Орталық стадионда Қала күніне орай елдегі ең танымал әрі жас артистің бірі Садраддин алғашқы жеке концертін қояды.

Қала күнін мерекелеу «Көктөбе» телемұнарасында тұрғындар мен қала қонақтарына арналған құттықтау жарығының қосылуымен аяқталады. Бұған қоса, 21:00-де «Көктөбе» саябағында мерекелік отшашу болады.

Айта кетейік, мерекелік іс-шаралардың толық тізімін www.almaty.kz сайтынан және қалалық әкімдіктің www.instagram.com/akimat_almaty және Мәдениет басқармасының www.instagram.com/almatymadeniet инстаграм парақшаларынан көруге болады.

«Алматы қаласының Құрметті азаматы» атағымен марапатталғандардың тізімі

ТАӘЕскерту
 «Мемлекеттік қуыршақ театры» КМҚКТеатрдың негізін қалаушылар: К.Бадыров, С.Телғараев, А.Федорченко, А.Анчаров, Л.Хамиди, Б.Ерзакович, Д.Лидман, К.Ешмұратова, С.Мақұлбеков. Театрда 122 қызметкер жұмыс істейді.   ҚР мемлекеттік наградаларымен марапатталған театр артистері: 2 адам «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы, 2 адамға «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді, ҚР ведомстволық марапаттарына ие болған: 3 адам «Қазақстанның мәдениет қайраткері» төсбелгісімен, 13 адам «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен және 1 адам «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.   2023 жылы Театр «Ең үздік балалар спектаклі», «Қуыршақ театрлары арасында жылдың спектаклі», «Балаларға арналған спектакльдегі үздік шығармашылық жұмыс» және «Жылдың үздік режиссері» номинацияларында айтулы театр марапаттарына ие болды.   Театр ұжымы үнемі халықаралық фестивальдерге қатысып келеді (Канада, Қытай, Түркия, Чехия, Жапония, Болгария, Молдова, Ресей, Татарстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан).  
 Төлепбай Ерболат ТоғысбайұлыСуретші-кескіндемеші, «Асем арт» қоғамдық қорының жетекшісі, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Сальвадор Дали атындағы Халықаралық Альянс сыйлығының лауреаты, Ресей, Чехия, Қырғызстан Өнер академиясының академигі, Француз өнер және әдебиет орденінің кавалері, «Бейнелеу өнері» номинациясы бойынша платиналық «Тарлан» жоғары сыйлығының иегері.
 Канапьянов Ерұлан МұсаханұлыКомпозитор, белгілі қоғам қайраткері, меценат, ауқымды қоғамдық акцияларды, фестивальдар мен өнер форумдарын ұйымдастырушы. «Еуразиялық мәдениет қоры» ҚҚ президенті. Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі. 7-ші Қысқы Азия ойындарының және 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада Алау эстафетасы әнұрандарының авторы.
 Уткин Алексей ФедоровичҚазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Ленин комсомолы сыйлығының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
 Есдәулет ҰлықбекТҮРКСОЙ жанындағы түркі мемлекеттері жазушылар одағының төрағасы, ақын, журналист, редактор
 Байнатов Жұмабай  ҚР техника ғылымдарының докторы, ҚР еңбек сіңірген өнертапқышы, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының академигі
 Шардинов Ахметжан БакримовичАлматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «АЗМК Group» ЖШС директорлар Кеңесі төрағасының кеңесшісі
 Нұрланова Гүлнәр Қазтайқызы«Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы» КМК директоры.
 Душимов Дмитрий Аббасович«Ел Самғау» ҚҚ басшысы. Қазақстан Республикасының Азаматтық авиация ардагері.  «Құрметті авиатор»
 Смағұлов Нұрлан ЕркебұланұлыКәсіпкер, меценат, «Astana Group» холдингінің президенті және негізін қалаушы
Басты жаңалықтаржаңалықтаржаңалықтарКалаКүніСоңғы жаңалықтар

ПОСЛЕДНИЕ НОВОСТИ