16/03/2025 11:34

Алматыда шетелдіктер үшін туристік жарнаны алып тастау жоспарлануда

Алматыда халықаралық туристер ағыны 2024 жылы 520 мыңға дейін артуы мүмкін

Алматыда шетелдік азаматтар үшін туристік жарна мөлшерлемесі нөлге теңестірілуі мүмкін. Мұндай өзгерісті Алматы қаласы мәслихатының 2023 жылғы 15 қыркүйектегі № 50 “Алматы қаласындағы шетелдіктер үшін туристік жарна мөлшерлемелерін бекіту туралы” шешіміне енгізу жоспарлануда. Қалалық туризм басқармасының хабарлауынша, мәслихат шешімінің жаңа жобасы ағымдағы жылғы 9-24 қаңтар аралығында “Ашық НҚА” порталында жария талқылау рәсімінен өтті. Енгізу регламентіне сәйкес оң қорытындылар алынды, қосымша түсініктемелер және ұсыныстар түскен жоқ. Алматы қаласы мәслихатының шешімі алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыда бүгінде Алматы қаласы мәслихатының 2023 жылғы 15 қыркүйектегі шешімімен бекітілген шетелдіктер үшін 0,5 АЕК немесе 1 846 теңге мөлшерінде туристік жарна мөлшерлемесі қолданылады. Аталған қаражат мегаполисте туризмді дамытуға бағытталған.

Құжатқа сәйкес, шетелдіктер үшін туристік жарна орналастыру орындарында болған әр тәулік үшін алынады (қалалар мен аудандардағы жатақханалар, қонақ үйлер және жалға берілетін тұрғын үйлерді қоспағанда). Жарна сомасы тұру құнына қосылмайды және қонақ үйдің нөмірлік қорының құнына байланысты емес.     

Өткен жылдың желтоқсан айының соңында 2024 жылғы 9 қаңтарда заңды күшіне енген бүкіл Қазақстан бойынша шетелдіктер үшін туристік жарнаны төлеудің жаңа Ережелері бекітілді. Құжатқа сәйкес, еліміздің барлық аумағында нөлдік теңге мөлшерінде туристік жарна қолданылады. 

Алматы қаласының Туризм басқармасы “Алматыда туристік жарнаны жою – бұл туризм саласын дамыту және халықаралық туристерді тарту үшін маңызды қадам. Ағымдағы жылы шетелдік туристер саны 520 мың адамға, ал 2030 жылға қарай 1 млн адамға дейін өседі деп жоспарлануда”,- деп толықтырды.

 Айта кетейік, соңғы мәліметтерге сәйкес, 2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Алматы қаласында туристердің жалпы саны 1,5 милионнан астам адамды құрады, оның ішінде шетел азаматтары – 409 мыңнан астам, өткен жылмен салыстырғанда 51,5% – ға өскен. Келушілердің ең көбі Ресейден – 34%, Қытайдан – 11,6%, Үндістаннан – 7%, Түркиядан – 6,2%, АҚШ – 3,7%, Оңтүстік Кореядан – 3,6%, БАӘ – 2,7%, Өзбекстаннан – 2,6%, Қырғызстаннан – 2,6%, Германиядан – 2,6% келгені байқалады. 

жаңалықтар

ПОСЛЕДНИЕ НОВОСТИ