14/03/2025 20:39

Алматыдағы фронт-кеңсе: жүргізушілер енді куәлігін өзі ауыстыра алады

Алматылықтар енді мемлекеттік қызметтерді жылдам ала алады. Өйткені халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы фронт-кеңселерге азаматтардың өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы құрылды.

Онда электронды-цифрлық қолтаңба, тұрғылықты мекенжай бойынша анықтама алу сынды қызметтерден бастап, өз бетінше жүргізуші куәлігіне дейін ауыстыру да қарастырылған. Мұндай жаңашылдық әзірге Әуезов және Медеу ауданының халыққа қызмет көрсету орталықтарында қолжетімді.

– Қазір 1210 қызмет түрін онлайн алуға болады. Егер қолыңыздан келмесе, жаңадан құрылған өзіне-өзі қызмет көрсету аймағына келесіз. Біздің мамандар көмектеседі. Цифрлық кеңсе енді бірнеше секторға бөлінеді. Ол азаматтардың алатын қызмет түріне байланысты болады, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша филиалының басқарма басшысы Мадина Аманова.

Сондай-ақ орталықта жақында іске қосылатын құжаттау терминалдары орнатылған. Ол азаматтарға төлқұжат пен жеке куәлікті рәсімдеуге мүмкіндік береді. Фронт-кеңсеге арнайы постаматтар қойылды. Оның көмегімен азаматтар өзіне ыңғайлы уақытта  дайын құжатты алып кете алады. 

Айта кетейік, постаматтар тәулік бойы жұмыс істейді.

– Құжат постаматта түсті деген SMS келеді. QR-мен өтіп, құжатын алып кетеді. Клиент келмей қалуы мүмкін, құжат 3 күннен кейін орталыққа түседі, – деді Медеу фронт-кеңсенің басшысы Арайлым Айжанова.

оқиғалар

ПОСЛЕДНИЕ НОВОСТИ