
Биыл ұлы суретші Әбілхан Қастеевтің туғанына – 120 жыл. Өмірінің соңғы жылдарында тұрған үйінің музей-үй болып ашылғанына – 10 жыл. Қазақ бейнелеу өнеріндегі атақты тұлға Алматыдағы танымал «Қазақстан» қонақүйінің артындағы жер үйлердің бірінде 1958–1973 жылдар аралығында тұрған. Қазір осы Бекхожин көшесіндегі №6 А үй – қаладағы тарихи және мәдени орындардың бірі. Қастеевтің қара шаңырағы мен соңында қалған құнды мұраларына бас-көз болып отырған музей-үйдің басшысы Еркін НҰРАЗХАН Халық суретшісінің шеберлігінен бөлек, үйде қандай адам, қандай әке болғаны туралы айтып берген еді.
Мұражайға айналған 5 бөлмелі тұрғын-үйден қылқалам шеберінің өмірі мен шығармашылығы жайлы толық ақпарат алуға болады. Өзі қолданған бұйымдары, құжаттары мен суреттері, бояулары мен сурет салғанда қолданатын басқа да құралдары тарихи жәдігерге айналған. Шеберханасы да сол қалпында сақталған. Дәл осы үйге Әбілхан ағаны іздеп, танымал қаламгерлер жиі келген. Қонақ болған тұлғалар сыйлаған сыйлықтары да сол дәуірдің көзіндей болып, жап-жаңа күйінде тұр. Қабырғаға ілінген суреттерінен қазақ даласының кеңдігі, рухының асқақтығы сезіледі. Бірақ сол жан біткен суреттері арқылы жанға жылу сыйлаған суретші жылуы жоқ үйде аяққа байпақ, үстіне қалың киініп, сурет салатыны сол заманда ешкімді алаңдата қоймапты…
Суықта сурет салған
«Әбілхан ағамыздың музей-үйі туғанына 110 жылдығы қарсаңында 2014 жылы 17 қаңтарда ашылды. Отбасы 2004 жылы үйді босатып, әкімшілікке өткізеді. Қараусыз қалған үйдегі жиһаздардың кейбірі жарамсыз болып, заттардың көбі жоғалған. Осы музей-үйді ашарда балалары қолда бар бұйымдарын әкеліп, өткізді. 2014 жылы жеңілдеу жөндеу жұмысын жасап, құнды мұраларын жинақтап, мұражайға айналдырдық», – дейді Еркін Нұразхан.

Әбілхан Қастеевке 1942 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері атағын бергенде, қаулыда «үй жағдайы жақсартылсын, шығармашылықпен айналысуға барлық мүмкіндік жасалсын» деп жазылады. Бірақ ол орындала қоймады. 1944 жылы 40 жасында Қазақ КСР-інің Халық суретшісі атағын алып, үлкен көрме өткізеді. Бұл атақты алғанда да ол кісіге үй берілмейді. 4-5 баласымен бұрын Мұхтар Әуезов тұрған 2 бөлмелі үйде тұрады. 1954 жылы Ғылым академиясының президенті болып тұрған кезде Д.Қонаев түскі үзіліске шығады. Сонда Ш.Уәлихановтың ескерткішінің жанында отырған Халық суретшісін танып қалып, барып сәлем береді. Аман-саулық сұрасып, шығармашылығы туралы әңгімелейді. Сонда Әбілхан аға: «Бәрі жақсы. Бірақ үйім тар, шеберханам жоқ» дейді. Бұл кісі академик емес, Ғылым академиясында суретшіге үй беретіндей құзырет жоқ. Кейін Д.Қонаев 1956 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болғанда арнайы нұсқау беріп, Әбілхан ағаға арнап осы үйді салдырады.

«Сол жылы құрылыс басталып, суретшінің отбасы 1958 жылы көшіп келеді. Үй сапасыздау болып, 1966 жылы үйді бұзып, қазіргі тұрған үйді қайта салады. Бірақ жылу жүйесі қосылмаған, іштен от жағатын болады. Орталық жылу жүйесін қосып беру жөнінде бірнеше рет хат жазады. Бірақ қоспайды. 1973 жылы қазан айында ғана жылу беріледі. Әбілхан аға сол жылы қарашаның 3-і күні үйінің есік алдында сурет салып отырып, қайтыс болады. Қара шаңырағының жылуын бір жарым айдай ғана көреді», – дейді ол.
«Мұндай құбырлар біздің сиыр қорада тұрады»
Әбілхан ағаның өзін, суреттерін көру үшін ел ішінен бөлек, шетелден суретшілер келген. Себебі, оларға Қастеев қолтаңбасы ұнайтын. Шығармаларын «қарабайыр, натурализм басым» деп сынағанымен, бұл кісі шындықты бояу арқылы боямасыз көрсете білген. Сол үшін де туындылары шетелде жақсы бағаланды. Бірде үйіне америкалық суретші Рокуэлл Кент келгенде шеберханасындағы екі үлкен, жуан құбырды көріп, не екенін сұрайды. Әбілхан аға үйді жылытатын құбыр екенін айтады. Сонда шетелдік суретші: «мұндай құбырлар біздің сиыр қорада тұрады» депті. Кейін мұны әкімшіліктің адамдары естіп, жылу құбырын ауыстырып берген.

«1968 жылы ағаның сұрауымен шеберхана салынып, суретшінің үздік туындылары дүниеге келеді. Өмірінің соңғы сәттерінде туған жері туралы, Қапшағайдың құрылысы, Түрксіб теміржолы, т.б. картиналарын дәл осы шеберханада салады. Осы шеберханада «Амангелді сарбаздары», «Қапшағай ГЭС-і», «Кенен Әзірбаев» сынды кескіндемелік шығармалары мен бірнеше акварельдік жұмысын жазды. Бір ғана Амангелді бейнесін жасау үшін жүзден аса эскиз жасаған».

Үйінен қонақтар үзілмейтін. Ағаның жары Сақыпжамал апаның (Сақыш дейді) дастарханы үнемі жаюлы тұратын. Екеуі де қонақжай жандар болған.
6 ұл, 2 қыз, 1 туыстарының жетім қалған қызын өсіреді. Балаларына өте мейірімді әке болған жан. 6 ұлы тете өседі. Суретшілер училещесінде оқып жүрген Нұртай деген өте талантты баласы 16 жасында жүрек ауруынан қайтыс болады. Тағы бір ұлы 20 жасында Семей полигонында әскерде жүргенде қайтыс болады. Екі бірдей ұлының өлімі әкенің жүрегіне ауыр салмақ салады.

«Қазір көзі тірі 2 ұл, 2 қызы бар. Әкесі туралы естеліктерін үнемі айтып жүреді. Аға жұмыстан келгенде Сақыш апа балаларының тентек болғанын, сабағы нашарлап кеткенін айтып, әкесіне бір жазалатып алғысы келетін көрінеді. Сонда Әбілхан ағаның жұмсақтығы, «бері кел» деп шақырып алады да, газетті бүктеп, құйрығынан салып жібереді екен. Көңілі баладай таза жан болған.

Іссапардан келгенде жұмыс үстелінің тартпасына кәмпит салып қояды. Қыздары шеберханасына кіргенде сол жерден алып береді екен. Қызы Гүлнәзия естелігінде айтады: «Ол кезде біз ештеңе түсінбейміз ғой, әлі баламыз. Сонда әкеміз бізді шақырып алып, салып отырған суретін көрсетіп: «мына сурет қалай, дұрыс па?» деп сұрайтын. Біз «дұрыс» десек, қуанып, әрі қарай жалғастыратын. Ал «дұрыс емес» десек, сол жерін өшіріп, ерінбей қайтадан салатын».

Дауыс көтермейтін, үндемей жұмысын істеп отыра беретін. Суретшілер одағында неше түрлі дау-дамай болады ғой. Ол кезде көркемдік кеңес деген болды. Суретті көрмеге қоюға бола ма, болмай ма, социялистік реализмге келе ме, келмей ме, шығарманың шеберлігі қалай деген сынды талдау жүргізеді. Мықты суретшілер көп болған. Олардың кейбіріне Әбілхан ағаның суреттері ұнамайды. Бірде Суретшілер одағында әңгіме болған болу керек. Ағаның суреттерін қатты сынап, кемшіліктерін айтқан ғой. Сонда үйге келіп, суреттерінің бәрін жыртып, қайтадан салып шыққан.

Кейбір суретшілер әлі аяқталмаған суреттерін көпке көрсеткісі келмейді. Көз тиеді дей ме, бетін жауып тастайды немесе басқа бөлмеге алып кетеді. Ал аға біткен, бітпеген жұмыстарының бәрін көрсете береді екен. Біреуге ұнап қалған суретін сыйға беріп кете беретін болған. Соның өзінде, мыңнан астам суреті қалды. Жоғалғандары қанша?! Белгісіз».
Гүлнәзия ӘБІЛХАНҚЫЗЫ: Өнегесі өмірге айналды
Әкемнің мінезі жұмсақ, өте жуас жан еді. Жас та, үлкен де қонақ болып, біздің үйге келетін. Бәрін құшақ жая қарсы алып, салып жатқан суретін көрсетіп, әңгімелейтін.

Суретшілер топ-тобымен, ауылдастар, журналистер, шетелдің делегациялары жиі келетін. Қонақ күтпеген бір күніміз болмайтын. Анамыз да ақшаның жоқтығын білдіртпей, дастарханды үнемі толтырып қоятын. Сонда әкеміз: «Сақыш-ау, ақша жоқ болса да, дастарханың ылғи дайын тұрады. Жоқтан бар жасайсың!» деп мақтайтын. Балаларына да сол нәрсені үйретіп кетті. Еңбек етіп, адал ас ішуге, тек түзу жолмен жүруге тәрбиеледі. «Таспен ұрғанды, аспен ұр» дегенді жиі айтып отыратын. Қазір де сол ұстанымды ұстанып, әкеміздің атына кір келтірмеуге тырысып жүрміз. Айтқан өнегелерінің бәрі есімде.
P.S. Айна
Мына бір айнаның ерекше тарихы бар. Қонақ бөлменің қабырғасында ілулі тұрған айнаны суретші сурет салғанда көмекші құрал ретінде пайдаланыпты. Қалай дейсіз ғой?!

Адам желке жағын тек айна арқылы ғана қарай алатыны секілді, Әбілхан Қастеев сурет салып болғаннан кейін салған суретін осы айнаға жақындатып, мұқият қарайды екен. Сонда айнадан суреттің қисық, дұрыс салынбаған жері анық көрінеді.

Қастеев шығармаларындағы философиялық ойдың мәйегіне толық қанығу мүмкін емес. Десек те, көп жерде айтыла бермейтін тың деректерге қанықтық. Қара шаңырағында тұрған осы кішкентай айна оның туындыларының барлығы қазақ өмірінің айнасы екенін байқатып тұрғандай…