Алматыда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы мен қалалық «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында «Біздің қала – біздің мақтанышымыз» атты соңғы апта басталды.

Бұл кезең 24 наурыздан 1 сәуірге дейін жалғасады. Бастама аясында қаланы көркейту, тарихи-мәдени мұра нысандарының аумағын кешенді тазалау, сондай-ақ 160 қала ескерткіштері мен мүсіндерін тазарту жұмыстары жоспарланған.

«Қасбеттен қасбетке дейін» атты көше тазалау акциясы, жалғызбасты зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың аулаларын тазалауға бағытталған «Жақыныңа жәрдемдес» қайырымдылық шарасы және ағаш отырғызу бойынша жергілікті сенбіліктер жалғасуда.

Финалдық кезең аясында қала тұрғындарына арналған «Жасыл аула» көшеттер тарату акциясына өтінім қабылдау басталады. Көпқабатты үйлердің ауласы мен қоғамдық орындарды көгалдандыруды қалайтын кез келген адам тегін көшет ала алады. Толық ақпаратты www.almaty.kz сайтынан көруге болады.

Айта кетейік, «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны 1 наурыздан 1 сәуірге дейін өтуде. Осы уақыт ішінде Алматыда 4 мыңнан астам аула аумағын, 445 қалалық саябақ пен скверді, 2 мыңнан астам көшені тазалау, 600-ден астам заңсыз сауда нысанын сүру, 3 мыңнан астам қоқыс жәшігін орнату, 10 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызу жоспарланған.
Сонымен қатар, науқан аясында түрлі байқаулар мен бастамалар жүзеге асырылды. «Қоршауыңды/орындығыңды/беседкаңды боя» акциясы аясында 3 125 литр бояу таратылды.
«Үздік коммуналдық қызметкер» байқауының қорытындысы бойынша әр ауданнан 24 адам марапатталды. Жеңімпаздарға мынадай ақшалай сыйлықтар берілді: I орын – 150 000 теңге, II орын – 100 000 теңге, III орын – 50 000 теңге.