14/03/2025 23:57

2024 жылы Алматының Түрксіб ауданында 4200 абонент үшін су құбыры мен кәріз жүйесі салынады

Алматының Түрксіб ауданындағы Маяк, Нижняя пятилетка шағын аудандары мен Закарпатская көшесіндегі 4200 абонент үшін 131,3 км су құбыры мен 56 км кәріз құрылысының жобалары жүзеге асуда. Аяқталу мерзімі-2024 жылы. Бұл туралы Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров Алматыдағы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында хабарлады. Сондай-ақ, оның айтуынша, 2024 жылдың екінші тоқсанына Қайрат шағын ауданында 40 км су құбыры және екінші кезектегі су бұру желілерін салу бойынша жұмыстарды бастау жоспарланған.

«Ауданның орталық бөлігінде, Рысқұлов – Жансүгіров – Шолохов – Сейфуллин көшелерінің және Әуежай көлі ауданының 2 учаскесі бойынша сумен жабдықтау және кәріз желілерін жобалау жалғасуда. Құрылыс-монтаж жұмыстарының шамамен басталуы 2024 жылдың екінші тоқсаны»,

– деді Бақытжан Ақжаров.

Ол ағымдағы жылдың соңына дейін Әлмерек, Жас Қанат шағын аудандарында 2470 абонент үшін 17,6 км су құбыры мен 18,8 км кәріз құрылысы аяқталатынын атап өтті. Ал тамыз айында Шуақты шағын ауданында 400 үйді қамтитын сумен жабдықтау және су бұру желілері пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 20 мың абонентке қызмет көрсететін Тбилисская көшесінде 400 метрден астам кәріз эстакадасы реконструкцияланды.

Түрксіб ауданының әкімі Шуақты шағын ауданында электр беру желілерін жаңғырту туралы да хабарлады. Оның деректері бойынша, жыл соңына дейін Әлмерек, Нұршашқан, Қайрат шағын аудандарындағы желілер жаңғыртылады, содан кейін тұрғындарды «АЖК» АҚ желілерімен қызмет көрсетуге ауыстыру жүргізіледі.

«Қосылған шағын аудандарды үздіксіз электрмен жабдықтау мақсатында Тұздыбастау қосалқы станциясының құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта жеке учаскелердің иелерімен сервитут шарттары жасалуда, олар арқылы жеткізу желілері салынатын болады. Жұмыстарды аяқтау жыл соңына жоспарланған»,

– деп қорытындылады сөзін Бақытжан Ақжаров.

жаңалықтар

ПОСЛЕДНИЕ НОВОСТИ