Биыл Алматыда, Мұзтау, Каменск үстірті, Асқарау, Кіші станица, Атырау және Сұлусай шағын аудандарында 145,7 км тарату желілерінің құрылысы басталып, 2025 жылы аяқталады. Бұл туралы әкім Ерболат Досаев Медеу ауданының тұрғындарымен кездесуде мәлімдеді.
Сонымен қатар, оның айтуынша, 2024 жылдың 3 тоқсанында Таулы қырат, Алатау және Юбилейный шағын аудандарында 51,7 км тарату желілері салынады.
«Өткен жазда, аптап ыстыққа байланысты ауданның жоғары бөлігін сумен қамтамасыз етуде қиындықтар туындады. 2023 жылдың шілде айында судың лайлануы нормадан 50 есе асып, су тапшылығы тәулігіне 20 мың м3 болды. Тапшылықты жою үшін төтенше жағдайлар аясында қуаты тәулігіне 32 мың м3 резервтік сумен қамту схемасының құрылысы басталды, ол 2024 жылдың маусым айында аяқталады. Судың негізгі көздері – Талғар жер асты сулары мен сорғы станцияларының қуатын 60%-ке арттыра отырып, 6 жаңа скважина бұрғылау болып табылады», – деді Ерболат Досаев.
Бұған қоса, қала басшысы «Думан» шағын ауданында халық санының көбеюіне байланысты, жұмыс істеп тұрған резервуарлардың өткізу қабілеті ауыз су қажеттілігін өтемейтінін атады. Жазғы уақытта тәулігіне 2,2 мың текше метр тұтыну тапшылығы байқалады.
«Осы мәселені шешу үшін биыл 2 су резервуарын, магистральды су құбырын және 2 сорғы станциясын реконструкциялауды бастаймыз», – деді Ерболат Досаев.
Айта кету керек, Каменск үстірті, Көлсай, Мұзтау және Юбилейный шағын ауданының тұрғындарын сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін төтенше жағдайлар желісі бойынша 7,3 мың м3 суға арналған 7 резервуар салынды. Сондай-ақ күніне 15,7 м3 су өткізетін 6 скважина салынды және реконструкцияланды. Қазіргі таңда осы осы жылдың наурыз айында нысандарды толыққанды іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде.
«Медеу ауданының әкімдігі 2023 жылдан бастап 276,5 км сумен қамту және канализация тарату желілерін салу жұмыстарын бастады. 2023 жылы Халиуллин көшесі мен Каменское үстірті шағын ауданында 13,4 км құрылыс аяқталды. 2024 жылы Кеңсай, Көлсай, Компот, және Думан шағын аудандарында 65,7 км желінің құрылысы аяқталады», – деп сөзін түйіндеді Алматы әкімі.