16/03/2025 11:06

Биыл Алматының «Ақжар» шағын ауданында спорт кешенінің құрылысы басталады

Бүгін Алматы әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесті. Биыл Наурызбай ауданында екі спорт кешені бой көтереді. Олардың бірі «Шұғыла» шағын ауданында, екіншісі «Ақжар» шағын ауданында салынады. Бірі 600 адамға арналса, екіншісі 500 орынға арналған. Яғни, бір күнде 500 адамды қабылдау мүмкіндігі бар.

Аудан тұрғындарының бірі қала басшысымен өткен кездесуде:
«Наурызбай ауданы жас аудан болғаннан кейін жастар да көп, көбі осы жерге орналасып жатыр. Жаңа спорт кешенін көріп қалдым. Спорт кешендері тегін бола ма екен? Жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруларына бірден-бір себепші – спорт кешендері ғой. Алда тағы бір 3-4 спорт кешені ашыла ма екен? Олардың ауқымы қандай болады?», – деген сұрақ қойды.

«Жаңа ғана айтқандай, «Шұғыла» шағын ауданында осы жылы біз осы жұмыстарды бастаймыз. Одан басқа біздің дайындаған тағы бір жобамыз бар. Ол «Ақжар» шағын ауданында спорт кешенін салу», – деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.

«Шұғыла» шағын ауданындағы спорт кешенінің құрылысы биыл жазда басталады. Маусымның соңына дейін жобалау-сметалық құжаттамасы аяқталады.

Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевтың айтуынша, «Ақжар» шағын ауданында магистральдық судың жетіспеушілігіне байланысты, әзірге жұмыс тоқтап тұр. Бірақ ол мамырдың соңына дейін аяқталса, жазда бұл жұмыстар жалғасады.

жаңалықтар

ПОСЛЕДНИЕ НОВОСТИ