Алматының Медеу ауданындағы Құлжа тас жолының оңтүстігіне қарай «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2 мың орынды жаңа мектептің құрылысы басталды. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев қала тұрғындарымен кездесуде мәлімдеді. Әкімдіктің жобалық кеңсесінің қолдауымен іске асырылатын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Алматыда 2024-2025 жылдары 37,1 мың орынды 22 оқу орнын салу қарастырылған.
Сондай-ақ, 2024 жылы ауданда 1500 орынды тағы екі жекеменшік мектептің құрылысын бастау жоспарланған: «Думан» шағын ауданында 1200 орындық және Халиуллин көшесінде 300 орындық. Іске асыру мерзімі – 2024 жылдың соңына дейін.
«Біздің жұмысымыздың басты бағыты – қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту. 2023 жылы №48 мектеп жанындағы 250 орынды қосалқы нысан реконструкцияланды және №131 мектеп сейсмикалық күшейтілді және күрделі жөнделді. Биыл №35 мектеп жанынан 300 орынды, №99 мектеп қасынан 250 орынды, №131 мектеп жанынан 300 орынды қосалқы нысандар салу жоспарланған», – деді қала басшысы.