Almaty Theatre ғимаратында 8-13 қаңтар аралығында Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) базасында өткізілген математика, физика және информатика пәндері бойынша ХХ Халықаралық Жәутіков олимпиадасының салтанатты жабылуы болды.
Биыл жыл сайынғы дәстүрлі олимпиадаға Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Болгария, Тәжікстан, Моңғолия, Грузия, Сербия, Үндістан және Румыния сынды 16 елден 85 команда, 700-ге жуық оқушы қатысты.
Олимпиадаға қатысушыларды Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, «РФММ» КЕАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Берік Қаниев және Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова құттықтады.
Олимпиада әлемнің мамандандырылған физика-математика мектептері арасында бірден үш пән бойынша өткізілумен ерекшеленді. Үш жылдық онлайн форматтан соң биыл олимпиада қайта офлайн түрде ұйымдастырылды.
Гран-при, I, II және III орындарды жеңіп алған команданың барлық мүшесі медальдармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар Нұрлан Қаппаров атындағы қордан математика пәнінен Нұрлан Қаппаров атындағы сыйлықты, физика пәнінен Әділет Имамбеков атындағы сыйлықты және информатика пәнінен Илья Сегалович атындағы сыйлықтарды алды.
Үш пән бойынша 344 қатысушы жеңімпаз атанды. «Үздік олимпиадалық мектеп» номинациясы бойынша бас жүлде Санкт-Петербург қаласынан №239 президенттік физика-математика лицейінің командасына берілді.
Бірінші орынды Мәскеу қаласынан келген В.Ф. Овчинников атындағы «Екінші мектеп» командасы иеленді, екінші орынды Тбилиси қаласынан Л.В. Комаров атындағы №199 математика және физика арнайы мектебінің және Долгопрудный қаласынан П.Л.Капица атындағы «Физтех-лицейі» командалары алса, үшінші орын Минск қ. БМУ лицейі, София қ. Sofia High School of Mathematics, Долгопрудный қаласынан П. Л. Капица атындағы «Физтех-лицейі» және Алматы қаласынан РФММ бұйырды.
Қазақстандық оқушылар 109 медаль жеңіп алды — 10 алтын, 43 күміс және 56 қола. Барлық жеңімпаз олимпиада демеушілерінен бағалы сыйлықтар алды.
Гран-приді жеңіп алған команданың барлық мүшесіне кубок пен ноутбуктер табысталды. Барлық жүлдегер дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.