^ жоғары
 
Негiзгi бет А А А
Арнайы нұсқа
Қаз Рус Eng   
 
     
 

 
 
Сейсенбі, 27 маусым 2017
 
     
 
Қоғам / Оралмандар

Этникалық қазақтарға арналған ақпарат

Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 1 бабына сәйкес (2015 жылғы 24 қарашадағы өзгерістер мен толықтырулар):

Қазақстан Республикасына келген этникалық қазақтар басқа иммигранттар сияқты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өткеннен кейін бес күнтізбелік күні ішінде Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында тіркелуге міндетті. Егер тұрғылықты жері өзгерген жағдайда, бұрынғы тiркеуден шыққан күннен бастап бес күнтізбелік күні ішінде өзінің тұрғылықты мекеніне тіркелуге міндетті.

Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шыққаннан кейін көші-қон карточкалары қайтарылуы қажет.

Этникалық қазақтарға орналасқан аймағына қарамастан оралман мәртебесі беріледі.

Қазақстан Республикасының азаматтығына жеңілдетілген (тіркелу) тәртібімен:

- Қазақстан Республикасының аумағында тұрған мерзіміне қарамастан, заңға сәйкес тұрақты тұратын оралмандар;

- Қазақстан Республикасында жоғарғы оқу орындарында оқитын этникалық қазақтар қабылданады.

Жеңілдетілген (тіркелу) тәртібімен азаматтық алу туралы құжаттарды қарау мерзімі өтініш берілген күннен бастап үш айдан аспауға тиіс.

ОРАЛМАН болу үшін келесі шарттарды орындау қажет:

бірінші – Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде этникалық қазақ оның аймағынан тыс жерде тұрақты тұру;

екінші – Қазақстан Республикасына тарихи отанына тұрақты тұру мақсатында келу;

үшінші – қолданыстағы Заңда белгіленген тәртіппен оралман мәртебесін алу.

Оралман – тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және осы Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде оның шегінен тыс жерлерде тұрақты тұрған және Қазақстанға тұрақты тұру мақсатымен Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейін оның шегінен тыс жерде туылған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары.

Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге тұрақты тұру мақсатымен келген оралман отбасыларына қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік көші-қон квотасы ұсынылады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасы аймақтарға тұрақты тұруға келген оралман отбасыларына беріледі. Осыған сәйкес, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы қолданыстағы заңдылықтарына сәйкес, жұмыспен қамтуға ықпал жасаған белсенді қатысушылар көзделген мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етіледі.

Қазақстан Республикасының Үкіметі өңірлік квотаға қабылдайтын оралман отбасыларының шектеу санын айқындайды.

Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныстанғысы келетін этникалық қазақтар мен оралмандардан келіп түскен өтініштердің және жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарының негізінде халықтың көші-қоны туралы мәселелері бойынша оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасы ұйымдастырылады және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына беріледі.

Этникалық қазақтардың оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге өтініштерін қарау үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу жөніндегі комиссиясы (әрі қарай – Комиссия) құрылады, комиссияның құрамына мәслихат депутаты, мемлекеттік органның және қоғамдық ұйымның өкілдері енгізіледі.

Этникалық қазақтар оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу басымдылығының келесі тәртіптегі мүмкіндіктерін пайдаланады:

1) белгілі бір мамандығы бойынша тәжірибесі, біліктілігі және білімі барлар;

2) көп балалы отбасылары;

3) жоғарғы оқу орындарында оқитын мүмкіндігі бар кәмелеттік жасқа толған жастар;

Оралмандар келесі топтарға бөлінеді:

1) оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген оралмандар;

2) Қазақстан Республикасының аумағына өз бетінше келген және тұрақты тұрып жатқан оралмандар.

Оралмандарға, этникалық қазақтарға және олардың отбасы мүшелеріне ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары:

- этникалық қазақтар және олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу кезінде өзінің төлем қабілеттілігін дәлелдеуден босатылады;

- оралман мәртебесін беруге және (немесе) оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге келісім алған этникалық қазақтар және олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ оралмандар және олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының аумағына келген кезде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және (немесе) кеден заңнамасына сәйкес, көлік құралдарын қоса алғанда, жеке мүлкіне кедендік төлемақыларды төлеуден босатылады.

Оралман мәртебесiн алған тұлғалар мен олардың отбасы мүшелерi:

- Оралмандарды бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтарында тегiн бейiмделу және ықпалдастыру қызметтерін алады;

- Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес тегін медициналық көмек алады;

- Қазақстан Республикасының үкіметі айқындайтын көлемде кәсіптік және техникалық, орта білімнен кейiнгi және жоғары білім беру ұйымдарына оқуға түсуге бөлiнген квотаға сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарымен тең деңгейде бiлiм алады;

- Қазақстан Республикасының азаматтарымен бір деңгейде әлеуметтік қорғалады;

- Қазақстан Республикасының заңдылықтарына сәйкес, жұмыспен қамтылады;

- Оралмандарға жеке қосалқы шаруашылығын жүргiзу, бағбандықпен айналысу, саяжай құрылысы үшiн Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес ауылдық елдi мекендердiң жерлерінен, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден, иммиграциялық жер қорынан, арнайы жер қорынан және босалқы жерлерден уақытша өтеусiз жер телімін пайдалану құқығымен жер учаскелерi берiледi;

- Оралмандарға шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден, арнайы жер қорынан, иммиграциялық жер қорынан және босалқы жерден уақытша жер пайдалану құқығымен жер учаскелерi берiледi;

-Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасына оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасынан тыс қоныс аударған оралмандарға және олардың отбасы мүшелеріне тұрақты тұрғылықты жеріне жол жүру және мүлкін тасымалдау шығындарын өтеуді қамтитын біржолғы жәрдемақылар белгілеуі мүмкін. Жәрдемақыларды төлеудің тәртібі мен шарттарын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдіктері халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін үлгілік қағидалар негізінде бекітеді.

-Оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген оралмандарға және олардың отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделетін мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады.

-Оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген оралмандарға және олардың отбасы мүшелеріне осы бапта көзделген мемлекеттік қолдау шараларынан басқа тұтыну кредитін және тұрғын үй құрылысына ипотекалық қаржы алу құқығы беріледі.

-Оралмандар немесе оның отбасы мүшелері оларды оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізгеннен кейін қайтыс болған жағдайда, мемлекеттік қолдау шаралары оралмандарға немесе отбасы мүшелеріне олардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанына қарамастан ұсынылады.

- Оралмандар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірдің шегінен тыс жерге өзінің ерік қалауымен бес жыл ішінде өз бетінше көшіп-қонған не Қазақстан Республикасының азаматтығын алудан бас тартқан жағдайларда, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген, өздері алған мемлекеттік қолдау шараларын мерзімінен бұрын толық көлемде өтеуге міндетті.

Оралмандардың құқықтары мен міндеттері

1. Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің:

1) жеңілдетілген (тіркелу) тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға;

2)жеңілдіктерді, өтемақыларды және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген әлеуметтік көмектің басқа да түрлерін алуға;

3) Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін қолда бар құжаттарының негізінде атын, әкесінің атын (ол болғанда) және тегін қазақ тілінде дұрыс жазуға;

4) қызметтік немесе өзінің тұрғын үйі болмаған кезде оралмандарды бейімдеу және интеграциялау орталықтарында, уақытша орналастыру орталықтарында бір жылдан аспайтын мерзімге уақытша тіркелуге құқы бар.

2. Оралмандар мен олардың отбасы мүшелері:

1) оралман мәртебесін беру және (немесе) оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы өтініштерін қарау үшін қажетті нақты мәліметтерді Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға ұсынуға;

2) денсаулық сақтау органдарының талап етуі бойынша медициналық қарап-тексеруден өтуге, екпелерді алуға, емдеу курсынан өтуге, сондай-ақ денсаулық сақтау органдарының нұсқамаларын орындауға;

3) оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығына жолдама алған жағдайда, күнтізбелік үш күннің ішінде сонда қоныстануға және халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тұру кезеңі аяқталғаннан кейін берілген жайды босатуға міндетті.

Оралман мәртебесінің тоқтатылуы

Оралман мәртебесi:

1) оралман Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн;

2) Заңда көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға алған рұқсаттың күші жойылған жағдайда;

3) оралман мәртебесін алған күннен бастап бір жыл өткеннен кейін тоқтатылады.

Оралман мәртебесін қалай алуға болады

1.Егер этникалық қазақтар Қазақстан Республикасының аумағына өз бетінше келген болса

Қазақстан Республикасының аумағына өз бетінше келген этникалық қазақтар тұратын жеріне келгеннен кейін, олар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірді таңдаған жағдайда оралман мәртебесін беруге және (немесе) оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге жергілікті атқарушы органға өтініш береді.

Этникалық қазақтар оралман мәртебесін беруге және (немесе) оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге өтінішін тиісті құжаттарымен қоса жергілікті атқарушы органға және Мемлекеттік корпорация арқылы бере алады.

«Үкімет азаматтар үшін» Мемлекеттік корпорациясы (әрі қарай - Мемлекеттік корпорациясы) - Мемлекеттік корпорациясы Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер көрсету үшін өтінімдерді қабылдауды ұйымдастыру заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға, мемлекеттік қызметтер көрсету үшін және олардың нәтижелерін шығару туралы қызметті алушы «бір терезе» принципі бойынша, сонымен қатар электронды түрде мемлекеттік қызметтерді көрсетуді қамтамасыз ету.

Этникалық қазақтар оралман мәртебесін алғаннан кейін тұрақты тұруға рұқсат алу үшін ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелеріне өтініш береді.

Өтініш берілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде этникалық қазақтарға және олардың отбасы мүшелеріне оралман мәртебесін және оралман куәлігін береді немесе жергілікті атқарушы органмен оралман мәртебесін беруден бас тартылғаны жүзеге асырылады.

Оралман мәртебесін беру үміткерлер белгіленген шарттарға сай келген кезде жүзеге асырылады.

Оралман мәртебесін алған тұлғалар өздерін оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге және Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын шарттар және тәртіппен жеңілдіктерге, өтемақыларға және әлеуметтік көмектің басқа да түрлерін алуға үміткер бола алады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірді таңдаған оралман мәртебесін алған этникалық қазақтардың тізімі шешім қабылдау үшін Комиссияға жіберіледі.

Комиссия оралмандардың тізімін алғаннан кейін он жұмыс күні ішінде оларды оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы немесе одан дәлелді себеппен бас тартылғаны туралы шешім қабылдайды.

2. Егер этникалық қазақтар Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрып жатса

Этникалық қазақтар оралман мәртебесін алуға және (немесе) оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері арқылы өтініш береді.

Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері үміткерлердің оралман мәртебесін беруге және (немесе) оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуға өтініштері мен құжаттарын қабылдайды және оларды тіркелген күнінен бастап он жұмыс күні ішінде халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жібереді.

Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган этникалық қазақтардың өтініштері мен құжаттары келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оларды жергілікті атқарушы органдарға оралман мәртебесін беру және (немесе) оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуға келісім беру не бас тарту себептерін уәжді түрде негіздей отырып одан бас тарту туралы шешім қабылдау үшін жібереді.

Жергілікті атқарушы органдар шешім қабылдау үшін этникалық қазақтардың өтініштері мен құжаттары келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оларды оралман мәртебесін беру және (немесе) оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу туралы өтінішхат берген үміткерлердің Қазақстан Республикасының аумағында құқық бұзушылықтар жасағаны туралы әшкерелейтін мәліметтердің және олардың террористік немесе экстремистік ұйымдарға жататындығы туралы өзге де ақпараттың бар не жоқ екенін тексеру үшін ішкі істер органдарының, ұлттық қауіпсіздік органдарының аумақтық бөлімшелеріне, тиісті өңірлердің прокуратураларына жібереді.

Ішкі істер органдарының, ұлттық қауіпсіздік органдарының аумақтық бөлімшелері, прокуратуралар этникалық қазақтардың өтініштері мен құжаттары тіркелген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген, оралман мәртебесін беруге және (немесе) оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге кедергі келтіретін негіздердің бар немесе жоқ екені туралы ақпаратты этникалық қазақтарға, жергілікті атқарушы органдарға жібереді.

Жергілікті атқарушы органдар:

- тиісті органдардың ақпараты келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оларды Комиссияның қарауына енгізеді. Комиссия этникалық қазақтардың өтініштері мен құжаттарын алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде оралман мәртебесін беруге және (немесе) оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге алдын ала келісім беру туралы немесе бас тартудың себептерін уәжді түрде негіздей отырып бас тарту туралы шешім қабылдайды;

- Комиссия шешім қабылдағаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға этникалық қазақтарға оралман мәртебесін беруге және (немесе) оларды оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге келісім беру туралы немесе себептерді уәжді түрде негіздей отырып одан бас тарту туралы ақпаратты жібереді.

- Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган жергілікті атқарушы органның этникалық қазақтарға оралман мәртебесін беруге және (немесе) оларды оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге келісімін не себептерін уәжді түрде негіздей отырып, бас тартуды өтініш берушіге жеткізу үшін бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне жібереді.

6. Этникалық қазақтардың өтініштерін қараудың жалпы мерзімі халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға келіп түскен күннен бастап үш айдан аспауға тиіс.

Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері жергілікті атқарушы органның этникалық қазақтарға оралман мәртебесін беруге және (немесе) оларды оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге келісімін алғаннан кейін оны бір ай ішінде өтініш берушіге жібереді және тұрақты тұру үшін Қазақстан Республикасына келуге виза береді не бас тарту туралы хабарлайды.

Жергілікті атқарушы орган Комиссияның этникалық қазақтарға оралман мәртебесін беруге және (немесе) оларды оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге келісімі туралы бұрын қабылдаған шешімін ескере отырып, өтініш берген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде өтініш берушілерге және олардың отбасы мүшелеріне оралман мәртебесін, оралман куәлігін береді және шешім қабылдау үшін Комиссияға оралмандардың тізімін жібереді.

  Этникалық қазақтар оралман мәртебесін беруге және (немесе) оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге өтінішін жергілікті атқарушы органға Мемлекеттік корпорация арқылы бере алады.

Комиссия оралмандардың тізімін алғаннан кейін он жұмыс күні ішінде оларды оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы шешім қабылдайды.

Этникалық қазақтар тұратын жеріне келгеннен кейін оралман мәртебесін алу үшін тұрақты тұруға рұқсат алуға ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелеріне өтініш береді.

Ішкі істер органдары этникалық қазақтар және олардың отбасы мүшелері өтініш берген кезден бастап он жұмыс күні ішінде олардың тұрақты тұруға рұқсат алу және тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы өтініштерін қарауға міндетті.

Облыстық маңызы бар аудандар мен қалалардың жергілікті атқарушы органдары:

- Оралмандардың медициналық көмек алуын қамтамасыз етедi;

- Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға тиісті аумақтарды оралмандар мен қоныс аударушыларды қоныстандыруға арналған өңірлерге жатқызу туралы ұсыныстар енгізеді;

- Этникалық қазақтардан оралман мәртебесін беру туралы өтінішін қажетті құжаттарымен қоса қабылдайды;

- Этникалық қазақтардан оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге берген өтінішін қажетті құжаттарымен қоса қабылдайды;

- Оралман мәртебесін беру туралы шешім қабылдайды;

- Оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы шешім қабылдайды;

- Оралман куәлігін береді;

- Оралмандарды бейімдеу және интеграциялау орталықтарын, уақытша орналастыру орталықтарын құрады және олардың қызметін ұйымдастырады;

- Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдерде тұратын этникалық қазақтардың арасынан туыстарын Қазақстан Республикасына отбасын біріктіру мақсатында қоныстандыру үшін шақыруларын халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен қарайды және куәландырады;

- Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес халықтың нысаналы топтарына жататын оралмандарға жұмысқа орналасуға, кәсiптiк даярлықтан өтуге, қайта даярлаудан өтуге және бiлiктiлiгiн арттыруға жәрдем көрсетедi;

- Оралмандарға қазақ тiлiн және өздерiнiң қалауы бойынша орыс тiлiн үйрену үшiн жағдай жасайды;

Алматы қаласының Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының қызметкрлерінен заңға сәйкес көші-қон сұрақтары бойынша түсініктеме алуға болады.

Мекенжайы: Алматы қаласы, Төле би көшесі, 155,

Телефоны: 277-81-29


 
     
   
 
   
Қазпошта сервиздері
 
 
 
 
Осы сайта жарияланған барлық материалдардың құқығы Алматы қаласының Әкімідігіне тиесілі.
© 2005-2017 Осы сайта жарияланған барлық материалдардың құқығы Алматы қаласының Әкімідігіне тиесілі.
Алматы қаласы әкімі Баспасөз қызметінің телефоны : +7 (727) 271-65-13