|
||||||
|
Құрметті оқырмандар! Алматы қаласының ресми интернет-ресурсының бетінде сіздермен қауышқаныма өте қуаныштымын! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласын «тәуелсіздіктің алтын бесігі» деп бекер айтпаған. Өйткені еліміздің саяси - экономикалық өмірінде Алматының алар орны ерекше. Біздің қаламызда демократиялық қоғамның алғашқы өркендері жайылып, тәуелсіздігіміздің 20 жылы ішінде қаламыз барлық салада қомақты жетістіктерге қол жеткізіп, өзінің белсенді дамуын әрі қарай жалғастырып келеді. Қазіргі Алматы – бұл еліміздің ірі ғылыми, білім беру, іскерлік, қаржылық, туристік және мәдени орталығы. Ол даму жағынан Орталық Азияның барлық қалаларынан асып түсіп, әлемдік экономикаға жол ашатын қақпасына айналды. Қазіргі Алматы тек экономикасы дамыған қала ғана емес, заманауи талаптарға сай инфрақұрылымы бар мегаполиске айналды. Мұнда әлемдік стандарттарға сай жүздеген ғимараттар, тұрғын-үй кешендері, денсаулық сақтау және білім беру, іскерлік-орталықтары, мәдени нысандары бой көтерді. Қаламыздың инфрақұрылымы жыл өткен сайын дамып келеді. 16 жол айырығы, Шығыс айналма жолы іске қосылып, ондаған паркингтер салынуда, экологиялық таза табиғи газ арқылы жұмыс iстейтiн қалалық автобустар паркі құрылып, Алматы метрополитенiнiң бiрiншi желісі іске қосылды. Салық түсімдерінің өсімі мен үкіметтің нақты қолдауының арқасында 2011 жылдың бюджеті 277 млрд. теңгені құрап, 2005 жылдың көрсеткіштерінен 3,7 есе артты. Сан жүзінде бұл Алматы тарихындағы ең үлкен бюджет мөлшері. 2011 жылдың басында Алматы 7-нші Азиада ойындарын жоғары деңгейде өткізді. Осы уақытқа дейін салынып біткен және қайта қалпына келтірілген барлық спорт нысандары халықаралық сарапшылардың оң бағасына ие болды. Қазіргі таңда, Алматы әртүрлі спорт жарыстарын, әлемдік деңгейдегі Чемпионаттар мен Кубоктар өткізуде. 2011 жылдың аяғы қаламыз үшін тағы бір тарихи оқиғамен есте қалмақ, бұл - Алматының 2017 жылғы 28-нші Қысқы Универсиаданы өткізу додасында жеңімпаз атануы. Алматы әрқашан маңызды оқиғалардың ортасында болмақ. Алматы қаласының ресми интернет-ресурсы мегаполистің соңғы жаңалықтары жайында нақты ақпарат беретін түпдерек болып табылады. Сонымен қатар, Сіз қаланың дамуы туралы және оған қатысты басқа да мәселелер бойынша өздеріңізді толғандыратын сұрақтарыңызды «Әкімге сұрақ» айдары арқылы қойып, керекті мағлұматты алуларыңызға болады. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов |

